Қайтпай сұлтан немесе тарихи тұлғаның беймәлім қырлары
Қасиетті Мәдина қаласындамыз. «Исламның күмбезі» атанған бұл шаһар – миллиондаған мұсылманның бейресми астанасы. Киелі мекенге табанымыз тигеніне сенер-сенбесімізді білмей, ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың қабіріне зиярат етіп, екіұдай сезім құшағында тұрғанбыз. Қатты толқып кеткенімізді сезсе керек, жолбасшымыз Дастан Құрманбаев Пайғамбар мешітінің тарихына арналған музеймен танысып шығуды ұсынды.
Соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған музейдің ішкі келбеті ерекше безендіріліпті. Пайғамбар мешітінің іргетасы қаланған алғашқы күнінен бастап қалыптасу тарихы кезең-кезеңімен сәтті ұсынылған. Мұнда экскурсия араб тілінде жүргізіледі екен. Аудармасын бір мезгілде әлемнің көптеген тіліне тәржімалайтын электронды құрал арқылы тыңдай аласыз. Бізге оның қажеті болмады. Құран тілін жетік меңгерген Қызылорда облысының бас имамы Дастан Жанасұлы араб тілінен тікелей аударма жасады.
– Нұреке, мына мінберге жақсылап зер салыңыз, – деді ол музейдің ортаңғы бөлігіне жеткенде, – қазақ даласынан шыққан Қайтпай атты сұлтан жасатып, Пайғамбар мешітіне сыйға тартқан. Бұрын-соңды Қайтпай сұлтан туралы естіп пе едіңіз?
Қайтпай сұлтанның есімін бұрын-соңды естімеген екенбіз. Таңданатын да жағдайымыз бар. Өзі қазақ даласынан шыққан сұлтан болса! Анау-мынау емес, Пайғамбар мешітіне арнап мінбер салдырса! Қалайша таңғалмайсыз!
Қош. Сонымен мінбердің тарихына келейік. 1481 жыл Пайғамбар мешітінен өрт шығып, Алла елшісінің қабіріне дейін отқа оранады. Тілсіз жау шарпыған киелі орын жарамсыз күйге түсіп, көп ұзамай қалпына келтіру жұмысы басталады. 1483 жылы Мысыр мен Шамның (Сирия) билеушісі Әл-Әшраф Қайтпай сұлтан арнайы мінбер жасатып, оны Пайғамбар мешітіне сыйға тартады. Мінбер мешітте 1593 жылға дейін қызмет етіпті. Дәл сол жылы ІІІ Мұрад сұлтан мешітке жаңа мінбер орнатып, Қайтпай сұлтанның мінберін Құба мешітіне көшіреді. Ал Құба мешітінің адамзат баласын тура жолға шақырған ислам діні келгеннен кейінгі салынған ең алғашқы құлшылық ордасы екендігі баршаға белгілі. Құба мешітінің құрылысына Мұхаммед пайғамбарымыздың өзі араласып, қолы тиген. Мінбер 2016 жылы «Мәдина тарихының ажырамас бөлігі және Пайғамбар мешітіне байланысты сирек мұра» ретінде Құба мешітінен Пайғамбар мешітінің тарихына арналған музейге ауыстырылған.