Ақсораң етегіндегі ерекше ауыл
Алаш арыстарының алтын бесігіне айналған Ақтоғай ауданының Шабанбай би ауылы «Үздік туристік ауыл» атанғанын естіп, Арқа жұрты бөркін аспанға атты. Ақжолтай жаңалықты «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы сүйіншіледі.
Ақтоғайға шетелден туристер жиі келеді. Ертеден солай. Жыл өткен сайын Беғазы-Дәндібайдың мәдени ескерткіштеріне қызығушылық танытатын туристер тіпті көбейіп отыр. Онымен қоса Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған топырағына тәу ететіндер де көп. Арқаның ең биік нүктесі Ақсораңның биігін бағындырғысы келетіндердің де қатары артқан көрінеді.
Туризм сарапшысы Жазира Жанкина «шетелдік туристер қазір тамылжыған табиғат іздеп, тау мен тас аралағаннан гөрі елдің көне тарихын көп білгісі келеді», дейді.
– Бізге шетелдерден турист көп келеді. Әсіресе елшіліктермен тығыз жұмыс істейміз. Еуропалықтарды этнотуризм, экотуризм қатты қызықтырады. Қарағанды облысында алыстан келген меймандарды апаруға болатын жер көп. Әсіресе Ақтоғай ауданындағы Беғазы-Дәндібайды іздеп келетін мейман саны жыл сайын өсуде. Саяхатшылар бұл жердің тарихын интернеттен оқып алады да, көруге құштарлығы артады. Тиісінше бізге жүгінеді. Өзім жол бастап талай мейманды Ақтоғай елінің ғажап жерлері, тарихи мекендерімен таныстырып, алғысын арқалап қайтқанмын. Бұрын Ақтоғайдың өз басына жету мұң болатын. Жолы ойдым-ойдым. Қазір жол тақтайдай. Туризм дамуы үшін ең алдымен сапалы жол керек. Жақсы жол шаршатпайды. Енді Ақтоғайдан Қараталға дейінгі жолға асфальт төселсе, тіпті керемет болар еді, – дейді Жазира Құрмашқызы.